ҰСТАЗҒА ҚҰРМЕТ

17 сәуiр 2017 Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 72 жылдығы қарсаңында мен, өзімнің алғашқы прокуратура органында ұстазым болған, өз ісінің білікті маманы, еліне сыйлы бола білген, үлгілі жанұяның отағасы, Ұлы Отан соғысының ардагері Қайролла Махтаев туралы әңгімелегім келіп отыр.

          Мен, прокуратура органына, Қарағанды мемлекеттік универститетінің заң факультетін 1980 жылы бітіріп, жолдамамен Семей облыстық прокуратурасына барып жұмысқа орналастым.

Семей облысы прокурорының бұйрығымен Абай ауданына прокурордың көмекшісі қызметіне тағайындалып, аудан орталығы Қарауыл ауылына барған кезде Қ.Махтаевпен таныстым.

Қ.Махтаев аудан прокуроры ретінде және ағалық буын ретінде де бірінші күннен бастап өзінің қамқорлығына алып, жас маман және жас жанұя болғандықтан, тек қана жұмысқа баулумен ғана шектелмей, тұрмыстық жағдайларымды шешуде өз үлесін қосты.

Прокуратураға шағым айтып немесе ақыл сұрап келген азаматтарды сабырлықпен мұқият тыңдап, негізгі шешуге жататын сұрақтарын анықтап, заң негізінде шешу шараларын қолдану, «менің айтқаным дұрыс» дегендермен қалай сөйлесу керек, олардың пікірлерінің терістігін түсіндіру шеберлігін осы ағадан үйрене бастадым.

Екі жылдан кейін аудан прокуратурасының тергеушісі қызметіне тағайындалған кезде де, менің Ленинград қаласындағы тергеушілердің біліктілігін асыру институтына барып, екі ай оқып келуіме де себепкер болды.

Аудан прокурорымен аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Х.Матаевтың қабылдауында болып, жас жанұя болғандықтан екі айдың ішінде тұрғын үй мәселесін шешіп беретіндігі жөнінде ол кісінің уәдесін алып, тура бірінші хатшы айтқан күні бір бөлмелі пәтерге ие болдым. Ол да болса аудан прокуроры Қ.Махтаевтың аудан басшыларының алдындағы тек қана прокурор емес, сонымен қатар сыйлы азамат ретіндегі беделі деп, түсіндім.

Қ.Махтаев 09 мамыр 1925 жылы Семей облысы Жарма ауданы Георгиевка ауылында дүниге келген. Он алты жасында өз еркімен Ұлы Отан соғысына атанып, маршал К.К.Рокосовский қолбасшылық еткен екінші Белорусс, қолбасшысы маршал Г.К.Жуков болған бірінші Украина майдандарында қызыләскер қатарында ұрыстарға қатысып, «Ерлігі үшін» медалімен, 3 дәрежелі «Даңқ» орденімен, 2 рет «Ұлы Отан соғысы» ордендерімен марапатталған.

Қ.Махтаев Ұлы жеңісті Кенисберг қаласы үшін ұрыс кезінде қарсы алып, тамыз айында екінші қиыр шығыс майданында Жапонияның квантун армиясын талқандауға қатысып, елге оралған.

1945-1956 жылдары партия- совет  органдарында жауапты қызметтерде жұмыс істеп, 1959 жылы Алматы қаласындағы заң институтын бітірген.

Осы институтты бітірмес бұрын 1956 жылы Жарма ауданының прокуроры қызметіне тағайындалып, ол жерде он жыл қызмет жасап, Семей облысының Шубартау ауданының прокуроры қызметіне ауыстырылған. Зейнеткерлікке шықанға дейін Қ.Махтаев Абай ауданының прокуроры болып қызмет атқарып, бейбіт өмірдегі Отан алдындағы атқарған еңбектері дұрыс бағалынып, жиырмадан астам Кеңес одағының медальдармен марапатталған. «Қазақстан Республикасы прокуратурасының құрметті қызметкері» кеуделік белгісінің иегері Қайролла аға бес баланы өсіріп, қазіргі кезде Алматы облысы Қаскелен қаласында немерелері мен шөберелерінің ортасында бейнетінің зейнетін көріп жатқан жағдайы бар. Бір немересі атасының жолуын қуып, Алматы облысы прокуратурасы органдарында абыройлы қызмет атқаруда.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тассын» деп қазақ атам айтпақшы, көп жылдан бері ойымда жүрген осы бір жүзі жарқын, кішіге аға, үлкеге іні бола білген азаматтың менің жеке басыма, оның ішінде прокуратура органдарының лайықты қызметкері, елге ақыл айтуға, заң талаптарын дұрыс түсіндіріп, адасқанды жөнге сала білетін маман ретінде қалыптасуыма үлкен үлес қосқаны жөнінде көпшілікке жеткізсем деген арманым, сәті түсіп, бүгін іске асып отыр.

Мереке қарсаңында, Қайролла ағама денсаулық, бойына қуат, жанұясына ынтымақ пен береке, дастарқанына ырыс тілегім келеді. Тоқсаннан асқан жасына қарамастан жастарға өзінің өмірлік тәжірбиесін үйретуден жалықпай, прокуратура органының беделін арттыруға өз үлесін әлі де қосады деген үміттемін.

 

Алматы облысы прокуратурасының зейнеткерлері мен мүгедектері коғамдық бірлестігі

Пікірлер

Жаңа пікірді жазу