Алматы облысы прокуратурасында құқық бұзушылықтың алдын алу сұрақтары талқыланды

03 қазан 2019 Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

        Облыс прокуратурасының Үйлестіру Кеңесінің отырысында құқық бұзушылықтың алдын алу сұрақтары қарастырылды.

         Криминогендік ахуалдың төмендеуіне қарамастан, жыныстық, оның ішінде жасөспірімдерге қарсы жасалған қылмыстар (56-дан 88-ге) және жол-көлік қылмыстары (2014-2018 жылдар арасында – 9 812 ЖКО)  сияқты құқық бұзушылықтың өсуі байқалып отыр.

         Бөтен адамның мүлкін ұрлау (15639-дан 17350-ге), оның ішінде мал ұрлығының өсуі бірқалыпты болып тұр (1326-дан 1343-ке).

         Отырыс барысында осы қылмыстардың алдын алуға аса назар салынды.

         Зерделеу 2017-2019 жылдарға арналған қылмыстың алдын алуға бағытталған кешенді жоспар мен ведомствоаралық комиссияның жұмысы формалды және шала орындалғанын және мүдделі органдар арасында дұрыс үйлестірілген жұмыс пен өзара әрекеттестік болмағанын көрсетті.

         Мысалы, жұмыс жоспарында Ақсу ауданында қоғамдық көліктер жоқтығына қарамастан, сол көліктерге 100 бақылау камераларын орнату көзделген.

         Отырыс кезінде мектеп инспекторларының аздығына сын айтылғанын да атап өту қажет. Облыстағы 300 мың оқушыға тек 235 инспектор көзделген, алайда, негізгі жұмысын атқарудың орнына қоғамдық қауіпсіздікті сақтауға жұмылдырылады.

         Одан бөлек, Жергілікті полиция қызметінің құқық бұзушылықты алдын-алуға бағытталған жұмысы да сынға ұшырады.

         Рейдтік іс-шаралары формалды жасалып, патрульдеу бағыттары жылына бір рет жедел ақпаратты зерделеусіз бекітілетіні аталып өтті.

         Зерделеу көрсеткендей, 2018 жылы патрульдік полиция қызметкерлері жол жүру ережесін бұзғандарға 12,5 мың хаттама толтырған, яғни 1 инспекторға күніне 0,5 хаттама ғана келеді.

         Алайда, прокуратура органдарымен берге өткізілген рейдтік іс-шаралар шеңберінде күніне әр қызметкер 10 хаттамадан аса толтырып отырған.

         Жол-көлік оқиғаларының негізгі себебі жылдамдықтың сақталмауы екені мәлім.

          Алайда, патрульдік көліктердегі жылдамдықтың асырылуын тіркейтін 84 радардың 54-і істен шыққан.

          Одан бөлек, елді мекендердегі патруль бағытының жоспарлары немқұрайлы жасалып, патрульдік көліктердің аздығы анықталды.

          Мысалы, Жамбыл ауданында кезекшілік тәлікте 3 экипаж патрульге шығады, 1 күндізгі уақытта, ал 2 түнде және патрульдік бағытпен тек 2 елді мекен ғана қамтылған. Осы патрульдік бағытты полиция бөлімінің басшысы тек жылына бір рет қана бекітіледі және осы құжатта криминалдық учаскілер ескерілмейді.  

           Осындай жағдай облыстың бірқатар ауданында орын алып отыр.

            Қылмыстың алдын алуға бағытталған ең тиімді құралдарының бірі – бақылау камералары орынды қолданылмай отырғаны аталып өтті.

           Алакөл ауданында орнатылған 5 бақылау камераларының тек біреуі ғана жұмыс істеп тұр, 4 істен шыққан.

           Талдықорған қаласында орнатылған 871 камера бойынша қылмыстың тек 3,5%-ы ғана ашылған (91 қылмыс).

            Себебі, осы камераларды бақылауға үшін тек 4 қызметкер ғана бекітілген (1 қызметкерге 217 камера), алайда, норматив бойынша 1 қызметкер тек 40 камераны ғана бақылау керек.

           Жыныстық қылмыстар бойынша тергеу жұмысы да қатты сынға ұшырады.

           Негізі, жасөспірімдерге қарсы жыныстық қылмыстардың жартысынан жоғарысы (61%) ата-аналарының достары, таныстары, көршілері жасайды, 31% - туыстары, тек  8% немесе 6 қылмыс қана бөтен адамдармен жасалатынын атап өту қажет.

           Осындай қылмыстарды тергеу кезінде қылмыстық қудалау органдары кезек күттірмейтін тергеу әрекеттері жүргізу мен дәлелдерді бекіту жұмыстарын уақытылы жасамағандықтан кінәлі адамдар жауаптан жалтару мүмкіндігі туады.

           Осы қылмыстар бойынша қылмыстық істерді зерделеу кезінде облыс прокуратурасы тарапынан 46 заңсыз шешімнің күші жойылды.

           Үйлестіру кеңесі отырысының қорытындысы бойынша облыс әкімдігі, Полиция департаменті және мүдделі органдарына өзара іс-әрекеттесу, қылмыстың алдын алуға бағытталған жұмысты жаңғыртуға ұсыныстар берілді.

Алматы облысы прокуратурасында құқық бұзушылықтың алдын алу сұрақтары талқыланды - 1113569550

Пікірлер

Жаңа пікірді жазу